Павлодар облысында математика, орыс тілі пәндері мұғалімдері тапшы
Жалпы өңірде 75 мұғалім қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Асайын Байханов бүгінгі таңда білім беру саласында қандай пәндер бойынша ұстаздар тапшы екені жайлы сұрады.
Бұл сауалға облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина 75 ұстаз қажет екенін жеткізді.
– Бүгінде педагогтар жұмысқа өтініш қана емес, конкурс арқылы қабылданады. Конкурстық рәсімдер тамыз айында басталған болатын. Өңір мектептеріне математика, орыс тілі пәндері және орыс тілінде білім беретін мектептерде бастауыш сынып мұғалімдері керек, – деді Самал Айтқазина.
Сондай-ақ ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес 500-ден астам жас маманды қабылдау жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Жаңа оқу жылында облыста 361 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейтін болады. Оқушылардың болжамды контингенті шамамен 115 мың оқушыны құрайды, өткен оқу жылымен салыстырғанда 1 мың балаға артық. 1-сыныпқа 11 689 бала қабылданды. Оның ішінде 46 % қазақ тілінде, 54% орыс тілінде, – деді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, өңірде 2025 жылға дейін 9-сынып негізінде студенттерді тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту жоспарлануда.