19 миллион теңге: Павлодар стартаптарына үлкен мүмкіндік туды

19 миллион теңге: Павлодар стартаптарына үлкен мүмкіндік туды
Фото: ЖИ

Digital Qazaqstan Battle аясында өңірдің ең үздік жобалары іріктеліп, жеңімпаздар ұлттық деңгейдегі жүлде қоры үшін бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Pavlodar-Hub қаланың стартаптарын Digital Qazaqstan Battle жартылай финалына шақырады. 

Бұл – өз жобаңызды Digital Qazaqstan форумының үлкен сахнасында таныстырып, өңір намысын қорғап, 19 миллион теңге жүлде қоры үшін бақ сынауға бірегей мүмкіндік. Финалда қатысушыларды Digital Qazaqstan басты сахнасында өнер көрсету, ұлттық деңгейде танылу, қомақты жүлде қоры және инвесторлар мен серіктестер тарту мүмкіндігі күтеді. Жүлделер келесідей бөлінген: бірінші орынға 10 миллион теңге, екінші орынға бес миллион теңге, үшінші орынға үш миллион теңге беріледі. Сонымен қатар бір миллион теңге көлеміндегі «Көрермен көзайымы» жүлдесі қарастырылған, – деді ұйымдастырушылар.

Байқауға өңірді немесе республикалық маңызы бар қаланы таныстыратын, MVP сатысындағы, алғашқы сатылымдары бар және заңды тұлға ретінде тіркелген стартаптар қатыса алады. Жобаларды бағалау кезінде нарық динамикасы, команда құрамы, ауқымдау әлеуеті және инвестициялық тартымдылық сынды критерийлер ескеріледі.

Өтінімдерді қабылдау 26 ақпанға дейін онлайн форматта жүргізіледі. Жартылай финал 12 наурызда Павлодар қаласында ұйымдастырылса, ақтық мәре – финал 27 наурыз күні Шымкент қаласында өтеді. 

Тіркелу үшін сілтеме арқылы өту керек.