Ақсу қаласында есірткілік масаң күйде трактор басқарған жүргізуші ұсталды

Ақсу қаласында есірткілік масаң күйде трактор басқарған жүргізуші ұсталды
ЖИ иллюстрациялық суреті

Техника арнайы тұраққа қойылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Патрульдік полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолын кесу және құқық бұзушыларды анықтау мақсатында күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізеді.

Кезекті рейд барысында қала орталығында полицейлер құжаттарды тексеру үшін тракторды тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің мінез-құлқы тәртіп сақшыларының күдігін тудырды. Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның есірткілік масаң күйде болғаны расталған.

Жүргізушіге қатысты материалдар рәсімделіп, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Ал көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.

– Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және масаң күйде көлік құралын басқармауға шақырамыз, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің патрульдік полиция взводының командирі Рүстем Байғабұлов.

Тәртіп сақшылары масаң күйде көлік құралын басқару өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.