Павлодарлық кітапхана бір кешке ауылдастар мекеніне айналды

Павлодарлық кітапхана бір кешке ауылдастар мекеніне айналды
Фото: Есенжол Исабек

Оқырмандар кітапсөрелер арасында бауырсақ жеп, термешілерді тыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жыл сайын «Кітапхана түні» өткізілуде. Тематикалық шара 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Кітапхана басшысы Шолпан Шахметованың айтуынша, библиотүн «Ауыл кеші көңілді» деген тақырыппен ерекшеленеді.

Жергілікті мерейтой иелері –Жаяу Мұса Байжановтың 190 жылдығы,Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы, Иса Байзақовтың 125 жылдығы, Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына арналған «Жаяу Мұса ауылы», «Майра ауылы», «Иса ауылы», «Қалмұқан ауылы» атты төрт алаң болады.

– Биыл өңірімізден шыққан тұлғалардың мерейтойы болғандықтан ауыл тақырыбын алдық. Әр жылда әртүрлі тақырып болады. Тек кітапхана ғана болмай, мәдени ошақ және ақпараттық, ағартушылық орта болғандықтан біз енді оқырмандарды тарту үшін осындай креативті жобаларды іске асырғымыз келеді, – деді ол.


Кеш жергілікті сал-серілердің орындауындағы дәстүрлі ән шерумен басталды. Тәжірибелі және жолын жаңа бастап келе жатқан термешілер домбыра тартып, күйлерімен кітапхана түнінің айрықша атмосферасының негізін қалады. Кейін қонақтарды кітапханада ұйымдастырылған алаңдарға шақырды.

Абонемент залына қарай тартатын дәліз жәрмеңкеге айналды. Қолөнершілер тер төккен жұмыстарын әкеліп, ұсынды.

Олардың арасында тоқыма заттар, әшекей заттар, түрлі картиналар мен киімдер болды. Бірінші қабатта отырған бүркітші мен қамшы өруші адамдардың қызығушылығын оятты. Ал түкпірде тағы бір ерекше орын дайындалды. Америкалық бұрыш ранчоға айналды. Өзін ковбой ретінде сезінгісі келетіндерге үстел ойындары ұсынылды.

Кантри музыкасын қосып, арнайы безендіру жасап, оқырмандарды қарсы алдық. Келушілермен бірге ағылшын тілінде қызықты үстел ойындарын ойнадық. Олар бізге тікелей Америкадан әкелінді, – деді «Maker Space» жобасының үйлестірушісі Алина Темиргалиева.


Ал екінші қабатта «Иса» және «Жаяу Мұса» ауылдары орналасты. Ол жерде кітапханашылар және Бұқар жырау музейінің қызметкерлері екі киіз үйдің инсталяциясын жасап, мерейтой иелері жайында сөз қозғады. Жайылған ақ дастарханда қазақ ұлттық тағамдары қойылып, келген қонақтарға ұсынылды.


Ауылдың нағыз романтикасын жеткізу үшін кітапқа толы ортада ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Адамдар садақ атып, асық пен тоғызқұмалақтан күштерін сынады. Сондай-ақ, қазақша күреске қатысқандар да болды.


Әдетте дөңгелек үстел мен жиындар өткізілетін жерде «Достық ауылы» жайғасты. Ол жерде Қазақстан халқы Ассамблиясының 30 жылдығына орай бес этномәдени бірлестік ән айтып, би биледі. Алаң Павлодар облысында тұратын халықтың мәдениетін көрсетуге арналды.

Бұл жақсы іс деп ойлаймын. Біз кітаппен өстік. Кітапханада ақылды адамдардың өмірбаянын жатқа білген үлкен қазына, – деп атап өтті «НҰР-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бақыт Абдығалымова.

Әжелер келушілерді шашумен қарсы алып, әндер айтты. Бұдан бөлек қонақтар кітап көрмесін, айтысқа куә болып, байқауларға, викториналарға қатысты.