2028 жылы Павлодар өзін-өзі қамтамасыз етеді

2028 жылы Павлодар өзін-өзі қамтамасыз етеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Үкімет өңірлік қаржыландыру моделін өзгертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі «Qazaq» газетіне сілтеме жасап.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлеміне қатысты заң жобасын таныстырды. Министрдің айтуынша, жаңа құжат өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігін азайтып, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қаржыландыруды айтарлықтай күшейтеді.

Заң жобасы 2026–2028 жылдары жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығындарын нақтылап, республикалық трансферттер мен субвенциялар көлемін алдын ала бекітуді көздейді.

– Жергілікті бюджеттер теңгерімделген. Барлық базалық шығыстар ескерілді. Даму бюджеті республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып қалыптастырылды, – деді Серік Жұманғарин.

Жобаның негізгі мақсаты – өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігін біртіндеп азайту және өңірлік инфрақұрылым стандарттарын енгізу арқылы базалық қызметтердің қолжетімділігін теңестіру. Министрдің айтуынша, бұл «өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу деңгейіндегі диспропорцияларды азайтуға» бағытталған.

2026–2028 жылдары даму бюджетінің жалпы көлемі 9,1 трлн теңгеге жетеді.

– Даму бюджеті жыл сайын ұлғаяды: 2026 жылы – 1,8 трлн теңге, 2027 жылы – 3,2 трлн теңге, 2028 жылы – 4,1 трлн теңге, – деп нақтылады министр.

Республикалық бюджет жобасына сәйкес, 2026 жылғы шығыстар 27,7–27,8 трлн теңге, ал кірістер 19,2 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр.

Серік Жұманғарин жергілікті бюджеттерге бөлінетін қаражат туралы да түсініктеме берді:

– 2026 жылға арналған субвенциялар 5,2 трлн теңге, ал алып қою 879,9 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бағалау бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді, – деді ол.

Бірақ келесі үш жылға арналған көрсеткіштер өңірлік дефициттің ұлғаю қаупін көрсетеді. 2026 жылы жергілікті кірістер 10,7 трлн теңге, шығыстар 14,9 трлн теңге болып, 4,2 трлн теңгелік тапшылық қалыптасады. Бұл тенденция 2028 жылы да жалғасады: кірістер – 13,3 трлн теңге, шығыстар – 18,7 трлн теңге.

– Жергілікті бюджеттердің ағымдағы шығындары инфляцияға индекстеу және өңірлердегі мемлекеттік қызметтерді тұтынушылар санының өсуі ескеріле отырып есептелді, – деп түсіндірді министр.

Заң жобасының негізгі түйіні – өңірлердің өзіндік кірістерін арттыру арқылы трансферттерге тәуелділікті азайту.

– Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде нысаналы мақсатын сақтайтын ағымдағы нысаналы трансферттер ескерілді, – деді Жұманғарин.

Ауыл шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары, жаңа нысандарды күтіп-ұстау сияқты бағыттарға 2026 жылы – 1,5 трлн теңге, 2027 жылы – 1,6 трлн теңге, 2028 жылы – 1,7 трлн теңге қосымша қаражат қарастырылған. Бұл өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

– 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады, – деді министр.

Бұл өңірлік салық базасының кеңеюімен, өнеркәсіп пен инвестиция көлемдерінің артуымен байланысты. Аймақтар арасындағы бюджеттік теңгерімді қайта бөлу – экономикалық та, саяси да маңызды өзгеріс.

Министрдің айтуынша, даму бюджетінің ұлғаюы өңірлік стандарттар жүйесін 69,2% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ірі автомобиль және темір жолдары, әлеуметтік нысандар құрылысы, сондай-ақ «Бәйтерек» АҚ-ны 1 трлн теңгеге капиталдандыру өңірлік экономиканың серпінін арттырады.

Сонымен қатар бірқатар тәуекелдер де бар. Өңірлік шығыстардың инфляция мен халық санының өсуіне тәуелді болуы ұзақмерзімді тұрақты қаржыландыруды қиындатуы мүмкін. Трансферттер көлемі азайғанымен, жергілікті кірістерді ұлғайтуға бағытталған реформалар толық іске аспаса, өңірлік тапшылық құрылымдық сипатта сақталуы ықтимал. Бөлінетін қаржының тиімді игерілуі, жобалардың сапалы орындалуы және жемқорлық тәуекелдері де маңызды бақылауды қажет етеді.

Сарапшылар осыны ескере отырып, өңірлер үшін көпсценарийлі бюджеттеу жүйесін енгізуді, инфрақұрылымдық стандарттардың ашықтығын арттыруды, жергілікті кірістерді көбейтетін ұзақмерзімді стратегия қабылдауды және донорлықтан реципиенттікке өтетін аймақтар үшін әлеуметтік тұрғыдан қауіпсіз өтпелі механизм жасауды ұсынады.