Павлодарда алтын концентратын шығаратын зауыт ашылады

Павлодарда алтын концентратын шығаратын зауыт ашылады
Фото: Валерий Бугаев

Ол ел экономикасына оң әсерін тигізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының экономикасы 4,5 триллион теңгеге бағаланады. Өңірде алтын зауытын іске қосу нәтижесінде 15 мың тонна, яғни 500-550 миллиард теңгеге алтын концентраты шығарылатын болса,  экономикаға он пайыздан аса  әсерін тигізеді.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз конференциясында облыс әкімі Асайын Байханов мәлімдеді.

– Бұл зауыт көмір жағу арқылы жұмыс істемейді, ауаға түтін шығару қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Зауыт электр қуатымен жұмыс істейтін болады, – деп қосты әкім.

 Зауытты ағылшындық «Solidal Corp» компаниясы салады. Кәсіпорын полиметалл зауыттары тобына кіреді.

– Көпшілік Ресейде бұрыннан жұмыс істеп тұрғандықтан, бұл ресейлік компания деп ойлайды. Бірақ ресми құрылтайшысы – Англия, – дейді Асайын Байханов.

Естеріңізге сала кетейік, келесі жылы Павлодар облысында пластмасса, шыны, металл және қағазды сұрыптайтын өңірдегі бірінші қоқыс сұрыптау зауытын салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады.