Smart Region Павлодар облысының қалалары мен аудан орталықтарын біріктіреді
Жоба 2030 жылға дейінгі цифрлық даму стратегиясына енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Smart Region жобасын дамыту және салаларды цифрландыру мәселелері бойынша аппараттық кеңесте облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердоc Жүсіпов баяндама жасады. Оның айтуынша, жұмыс ақылды қалалар мен өңірлерді қалыптастырудың жаңартылған әдістемесіне сәйкес жалғасып жатыр.
Ердоc Жүсіпов салалық басқармаларға, қала және аудан әкімдіктеріне стратегияға енгізу үшін нақты цифрлық жобалар ұсынуды жандандыру қажеттігін атап өтті.
– Агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық егіс алқабы цифрландырылды. Оның жалпы көлемі – 1,7 миллион гектар. Қазір дәлме-дәл егіншілік пен мал шаруашылығын автоматтандыру технологиялары енгізіліп жатыр. Өнеркәсіп кәсіпорындарында цифрландыру бойынша 50-ден астам жоба жүзеге асырылды, ал алдағы жылдарға тағы 28 жоба жоспарланған. Екібастұзда жылу желілерінің жұмысын модельдеуге және проблемалы учаскелерді анықтауға мүмкіндік беретін Zulu SCADA цифрлық егізі енгізілді, – деді Ердоc Жүсіпов.
Ол көлік және қоғамдық қауіпсіздік салаларындағы цифрлық шешімдер туралы да айтты. Павлодарда 180-нен астам бағдаршамның сигналы «Яндекс Карталар» сервисімен біріктірілген. Үш қаланың қоғамдық көлігінде электронды билеттеу және диспетчерлік басқару жүйелері жұмыс істейді.
«109» бірыңғай байланыс орталығында сөйлеуді тану және өтініштерді өңдеуді автоматтандыру үшін жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатыр. Тоғыз айда орталыққа 83 мыңнан астам өтініш түскен.
Smart City Pavlodar бейнемониторинг жүйесі білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы 156 нысанда орнатылған 5 567 камераны қамтиды. Бейнеағынды талдау үшін жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Өрт қауіпсіздігі 211 нысанда бақыланады. Жыл соңына дейін бақылаудағы нысандар санын 300-ге жеткізу жоспарланған.
Кеңесте электр энергиясын, су мен жылуды есепке алатын интеллектуалды құралдарды орнату мәселесі де талқыланды. Оларды қосу «Энергетикалық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қарастырылған және жұмыс 2029 жылға дейін жалғасады.
Облыс әкімі Асайын Байханов жүйені енгізу неге кейінге шегеріліп жатқанын және жұмысты жеделдетуге бола ма деген сауал қойды. Ердоc Жүсіпов жобаның ұлттық бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқанын, ал қажетті шығындар әлі есептеліп жатқанын айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 50 миллиард теңге қажет.
– Жабдық қымбат, есептегіш құралдарды ауыстыру керек. Қазір 81 мыңнан астам есепке алу құралы орнатылған. Оның шамамен 20 пайызы жылу энергиясына тиесілі. Алайда жабдықтардың тек 20 пайызына жуығы ғана деректерді орталыққа жібереді, – деді Ержан Иманзайыпов.
Асайын Байханов жобаның қымбат екенін ескеріп, мәселені жан-жақты зерттеп, шығынның тұтынушыларға салмақ салмауы үшін балама шешімдер қарастыру қажет екенін атап өтті.
Екібастұзда қуаты 200 МВт болатын KT AI HUB деректерді өңдеу орталықтарының алқаптары салынып жатыр. Болашақта олардың қуатын 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланған. Негізгі құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтап, қуаты 50 МВт болатын алғашқы кезеңді 2027 жылғы 30 маусымға дейін пайдалануға беру көзделген.
Жиын соңында Асайын Байханов басқарма басшылары мен қала және аудан әкімдеріне Smart Region жобасын дамыту бойынша өз ұсыныстарын әзірлеуді тапсырды. Бастамалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын цифрлық шешімдерге негізделуі керек. Сонымен қатар мұндай жобалар қалаларда ғана емес, аудандарда да жүзеге асырылуы тиіс.
Сондай-ақ мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы архитектуралық деректерді, ақпараттық жүйелер мен коммуникациялар туралы мәліметтерді жаңарту тапсырылды. Тиісті ақпаратты 30 қазанға дейін ұсыну қажет.