Ақсуда ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

Ақсуда ерікті өрт сөндіру пункті ашылды
Фото: облыстық ТЖД баспасөз қызметінен

Бұл Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған 176-шы пункт, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров ауылында ведомстволық «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов, облыстық ТЖД бастығы Рүстамбек Әмрин, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов және ауыл тұрғындары қатысты.

Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін нысанда барлық қолайлы жағдай жасалған: қызметтік-тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмелері және қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Пост заманауи өрт сөндіру-техникалық құралдарымен, байланыс жүйелерімен және арнайы қорғаныс киімдерімен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар №10 өрт сөндіру бөлімі КамАЗ базасындағы АЦ-5-40 автоцистернасын жаңғырту жұмыстарын жүргізді.

Жаңа посттың басты артықшылықтарының бірі – заманауи цифрлық қауіпсіздік технологияларын енгізу. Мұнда бет-әлпетті 3D сәйкестендіру терминалдары мен фото және бейнематериалдар арқылы алдап өту әрекеттерінен қорғалған қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері орнатылған. Бейнебақылау жүйесі Павлодар облысының ТЖД-мен біріктірілген.

Жаңа өрт сөндіру пункті Мәмәйіт Омаров, Еңбек, Дөнентаев, Сырлықала, Кұркөл және Көктерек ауылдарының тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде үш мыңнан астам адам тұрады. Ауылдық жерлерде осындай нысандардың ашылуы төтенше жағдай орнына жету уақытын едәуір қысқартып, өрттерді сөндіру тиімділігін арттыруға және ықтимал шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өз міндеттерін адал әрі мінсіз атқарғаны үшін бірқатар қызметкерлер мен азаматтар марапатталды.

Іс-шара экологиялық акциямен аяқталды. Қатысушылар жаңа өрт сөндіру пунктінің аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.