Павлодарға қарасты ауылда жаңа спорт алаңдары салынады
Тұрғындар қала әкімімен кездесуде жолдарды қардан тазалау және жер учаскелерін пайдалану мәселелерін көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Жетекші ауылының тұрғындарымен кездесіп, биыл атқарылған жұмыстар мен келесі жылға арналған жоспарларды талқылады.
Кездесуде ауылдағы жолдарды жөндеу, тротуарлар салу, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары туралы айтылды. Биыл Қобыланды батыр, Алашорда көшелері мен мектеп маңындағы жолдар жөнделіп, жол белгілері мен жасанды кедергілер орнатылған.
Сонымен қатар тұрғындардың өтініші бойынша Найзатас көшесінде тротуар салу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда нөсер кәріз жүйесі орнатылып, бейнебақылау камералары қойылған және заңсыз қоқыс орны жойылған.
Қыс мезгілінде қардың жиналуын азайту мақсатында Торайғыров көшесіне ұзындығы 600 метр қар тоқтататын қалқандар орнатылды.
Келесі жылы ауылда үш балалар ойын алаңы мен үш стрит-воркаут алаңын салу жоспарланып отыр. Олар Торайғыров, Орда көшелерінде және жаңа тұрғын үй құрылысы аумағында орналасады.
Бұдан бөлек, Торайғыров көшесінде шағын футбол және стритбол алаңдарын ұйымдастыру көзделген.
Ауылішілік жолдарды жөндеу де жалғасады. 2027 жылы Аймауытов, Қамзин және Кенесары хан көшелерінің Бөгенбай батыр көшесіне дейінгі бөліктерін асфальттау жоспарланған.
Кездесу барысында тұрғындардың бірі қыста жолдардың толық тазаланбайтынына шағымданды.
– Трактор жолдың үш метрін ғана тазалайды. Қалған бөлігі сол күйі қалады. Таңертең автобус өтуі үшін ғана тазалайды, – деді ауыл тұрғыны.
Хасар Хабылбеков биыл орнатылған қар тоқтататын қалқандар жағдайды жақсартуға көмектесуі тиіс екенін айтып, жолдарды қардан тазалау мәселесін ауыл әкімінің бақылауына тапсырды.
Тағы бір мәселе – жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінде мал өсіру.
– Егер жердің нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы болса, онда мал шаруашылығымен айналысуға болмайды. Ол үшін жер жеке қосалқы шаруашылыққа арналуы тиіс, – деп түсіндірді қала әкімі.
Хасар Хабылбеков жауапты мамандарға бұл мәселені де қарастыруды тапсырды.
Кездесу соңында қала басшысы тұрғындарға белсенділігі үшін алғыс білдірді.