АИТВ жұқтырған павлодарлықтар АРТ қабылдап, ұзақ әрі сапалы өмір сүре алады

АИТВ жұқтырған павлодарлықтар АРТ қабылдап, ұзақ әрі сапалы өмір сүре алады
Фото: жасанды интеллект

Өңірде АИТВ-ның алдын алу бойынша айлық басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні. Осы маңызды дата аясында Павлодар облысында 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық кампания өтіп жатыр. 

Павлодар облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығы басшысының орынбасары Бақыт Жанахметованың айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

– 2025 жылдың бүгінгі күніне дейін Павлодар облысында АИТВ-пен өмір сүретін 2830 адам тіркелген. Биылғы 10 ай ішінде 191 жаңа жағдай анықталды. Қазан айында 15 жағдай тіркелді. Бүгінде есепте тұрған науқастардың 99,2 пайызы антиретровирустық терапиямен қамтылған. Бұл – аурудың дамуын тежейтін және адамның өмір сапасын жақсартатын басты әдіс, – деді спикер.

Биылғы жылы жұғу жолдарының ішінде гетеросексуалдық және гомосексуалдық қатынас арқылы жұғу – 67,5 пайыз, есірткіні көктамыр арқылы қолдану – 24,6 пайыз. Вертикалды жол – анадан балаға жұғу көрсеткіші бір пайыз деңгейінде. Өңірде 18 жасқа дейінгі 20 бала есепте тұр.

АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. Ол ағзаның қорғаныс жүйесін әлсіретіп, әртүрлі жұқпалар мен ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Уақытылы ем қабылдамаса, ЖИТС кезеңіне өтуі мүмкін.

АИТВ ауа арқылы жұқпайды, тұрмыстық байланыс арқылы берілмейді, құшақтасудан, қол алысудан, жалпы ыдыс немесе бассейн қолданудан, жәндіктер шағуынан жұқпайды.

Қазіргі медицинада АИТВ – бақылауда ұсталатын созылмалы ауру. Антиретровирустық терапияны (АРТ) дәл уақытында, күн сайын үзбей қабылдаған адам ұзақ өмір сүре алады.

Дүниежүзілік статистика бойынша, АИТВ жұқтырғаннан кейін терапияны уақыты қолданса, тағы 60 жылға дейін және одан да ұзақ әрі сапалы өмір сүру мүмкіндігі бар. 

АИТВ – жазылмайтын, бірақ басқарылатын инфекция. Алдын алу, ерте анықтау, уақытылы ем – денсаулықтың негізгі кепілі. Павлодар облысында өткізіліп жатқан айлықтың басты мақсаты – жастар арасында ақпараттандыруды арттыру, стигма мен кемсітуді азайту және қоғамның АИТВ мәселесіне деген жауапкершілігін күшейту.