Павлодар облысында медициналық көмектің сапасыздығына шағым көбейді
Облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына биыл 2,5 мыңға жуық өтініш түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2,5 мыңға жуық өтініштің ішінде 936 шағым облыстағы медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға жолдаған.
– Шағымдардың сипатына тоқталсақ: 32,9 пайыз сапасыз медициналық көмек, 28,4 пайыз медициналық көмек көрсетуден бас тарту, 10,9 пайыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және 8,3 пайыз медициналық қызметті ұзақ күтуге байланысты, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шаймбетов.
Оның айтуынша, медициналық сақтандыру қоры тарапынан, бұл өтініш негізделген болса, медициналық ұйымдарға экономикалық шаралар қолданылады. Бұл ретте, айта кетерлігі, 2500 өтініштің 0,6% пайызы ғана негізделген.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының негізгі мақсаты – әр науқасқа қамқорлық көрсету. Осы орайда, әрбір науқас ең бірінші өзінің құқығын білу керек екенін атап өткім келеді. Медициналық қызметті алу он күннің ішінде жүзеге асырылуы керек екенін білген жөн. Егер он күннен асып кету фактісі бойынша бізге шағым түссе, медициналық ұйымға экономикалық шара қолданылады, – дейді филиал директоры.
Айта кетерлігі, шағымданбас бұрыс емхананың пациенттерді қолдау жөніндегі орталыққа, яғни бас дәрігердің орынбасарына бару керек. Егер мәселені шешу мүмкін болмаса, пациент әрқашан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына 70-41-23, 70-41-24, 70-41-25 телефондары арқылы, не болмаса қордың WhatsApp-на 8 707 559 46 50 нөмірене өтініш қалдыра алады. Немесе fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram желісіндегі SaqtandyryBot жұмыс істейді.