Павлодар облысында тұмауға қарсы екпе жоспары толық орындалды

Павлодар облысында тұмауға қарсы екпе жоспары толық орындалды
Фото: Константин Шелков

Биылғы жылы вакцинаны 80 мың адам салғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 80 мың доза «Гриппол» вакцинасын сатып алды. Вакцина Ресейде өндіріледі. Қарашаның біріне дейін өңірде 80 мың адам егілді, бұл жоспарланған көлемнің 100 пайызын құрайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Дина Шакратованың айтуынша, облыста ЖРВИ-дан өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

 – Эпидемиялық маусым басталар алдында, яғни қыркүйек-қазан айларында облыс тұрғындарына тұмауға қарсы вакцина алу ұсынылды. Сонымен қатар өңірдің ірі кәсіпорындары қызметкерлерінің бастамаларымен, олар өз қаражаттарынан екпе салды. Нақтырақ айтқанда, екі мыңнан астам адам, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, ақылы негізде екпе салдыруға рұқсат етіледі, бірақ облыстағы бірде-бір емхана бұл қызметпен айналыспайды. Сонымен қатар барлық препараттарды емханалар өздері сатып алады. Қазіргі таңда аймақтағы ауруханалардың ешқайсысы қосымша вакцина сатып алған жоқ.

Өңірге вакцина қыркүйек айында жеткізілді. Екпе егу жұмыстары қыркүйек айының соңынан 1 қарашаға дейін жүргізілді. Жалпы вакцинацияға жұмсалған қаражат 81 миллион 102 мың теңгені құрады, яғни бір доза бағасы – 1 013 теңге.

Айта кетейік, биылғы жылы облыста COVID-19 бойынша 11 жағдай, ал эпидмаусым басталғалы үш жағдай тіркелген. Алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш төмен.