Павлодарда «SENIM» кәсіподағы медиктерді марапаттады

Павлодарда «SENIM» кәсіподағы медиктерді марапаттады
Фото: автор

Бұл іс-шара Қазақстандағы Кәсіподақтар күніне орай өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күні қарсаңында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының лайықты мүшелерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ қозғалысының өкілдері, әлеуметтік әріптестер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

«SENIM» кәсіподағының Павлодар облыстық филиалы қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс жағдайларын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Жиынға қатысушыларға Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков, Павлодар облысының Кәсіподақтар аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары Марина Иванова, «Әділет» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Света Әбдіраманова және «Саламатты Павлодар» медициналық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнара Ситқазинова құттықтау сөз сөйледі.

Құрметті қонақтар кәсіподақ мүшелерін мерекемен құттықтап, еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақ қозғалысының, әлеуметтік әріптестіктің және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне денсаулық, отбасыларына амандық және кәсіби табыс тіледі.

Мерекелік бағдарламаның жалғасы үздік қызметкерлерді марапаттау рәсіміне ұласты. Еңбектегі адалдығы, кәсібилігі, кәсіподақ және қоғамдық қызметтегі белсенділігі үшін медицина саласының өкілдеріне Павлодар облысы әкімінің, облыстық Кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының және «SENIM» салалық кәсіподағының марапаттары табысталды.

Марапатталғандардың қатарында Павлодар облыстық перинаталдық орталығының жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігері Бағдат Нұрғазин де болды. Ол 60 жасқа толуына орай кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ төрайымы Салтанат Төлегенова өз сөзінде медицина қызметкерлерінің күрделі әрі жауапты еңбегіне тоқталып, қоғамдық негізде кәсіподақ жұмысын атқарып жүрген белсенділерге алғыс білдірді.

Оның айтуынша, кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі — медицина қызметкерлерінің еңбекақысын лайықты деңгейге көтеруге, еңбек жағдайларын жақсартуға және олардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға ықпал ету. Осы бағытта кәсіподақ өкілдері медицина қызметкерлерінің мәртебесіне қатысты әзірленіп жатқан заңнамалық құжатқа ұсыныстар жолдаған. Ұсыныстар еңбек қауіпсіздігі, жалақы, әлеуметтік кепілдіктер және қызметкерлердің құқықтық қорғалуын қамтиды.

Сонымен қатар медициналық ұйымдардың жұмысына қажетті мамандықтар бойынша кәсіби стандарттарды әзірлеу, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау және қызметкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытындағы жұмыс жалғасып келеді.

Шара аясында Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы медициналық колледждердің студенттеріне «SENIM» атаулы стипендиялары табысталды. Бұл бастама болашақ медицина мамандарын қолдауға және денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Кәсіподақтар күні — бірлік пен ынтымақтастықты, еңбек адамына деген құрметті дәріптейтін мереке. Мұндай кездесулер денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалап, кәсіподақтар, жұмыс берушілер және мемлекеттік органдар арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді.