Алматыда туристерге киіз үй пішінді тәтті таратылды

Алматыда туристерге киіз үй пішінді тәтті таратылды
Константин Шелковтің иллюстрациялық фотосы
Алматыда Наурыз мейрамын тойлау аясында «Сыйлыққа тәтті кәдесый» акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акция аясында халықаралық жолаушылар терминалындағы төлқұжатты бақылау және кедендік бекетке келген әрбір туристке еліміздің қонақжайлылығын бейнелейтін печенье мен шоколад берілді. Қазақ киіз үй түріндегі печенье - қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын бейнелейді. Бұл Қазақстанның бай мәдени мұрасын еске салады.

«Бұл науқан біздің мәдениет пен дәстүрлерге назар аудару бағытындағы маңызды қадам. Біз жыл сайын еліміздің мәдени мұрасының маңыздылығын атап өту үшін осындай акцияларды өткізуге тырысамыз. Мұндай оқиғалар қонақтарымыздың көңілін көтерумен қатар, тарихымыз бен мәдениетімізді түсінуге және құрметтеуге септігін тигізеді», - деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Іс-шараның басты мақсаты - туристерді тарту және елдің тарихи және мәдени мұрасымен таныстыру.