Биыл елімізде қанша жас маман баспаналы болады?

Оларға пәтер «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен беріледі, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министірлігі.
2025 жылы жоғары оқу орындарының ауылдық жерге жұмыс істеуге баратын түлектеріне тұрғын үй алуға арналған бюджеттік несие беру үшін 25 млрд теңге қарастырылды. Аталған қаржы 2 800 жас маманды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Несие 15 жылға беріледі, негізгі шарт – ауылдық жерде кемінде үш жыл еңбек ету.
Жоба 2009 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт аралығында 52 мыңнан астам жас маман 189,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие алған. Оның ішінде білім саласындағы қызметкерлер – 35,1 мың адам (67,1%) үлеске ие.
Министрлік мәліметінше, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік жобасы ауылдық өңірлердегі кадр тапшылығын шешуге бағытталған. Бағдарлама аясында медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен және жергілікті мемлекеттік басқару салаларына жас мамандарды тарту көзделген.
Әлеуметтік қолдау шаралары:
- 100 АЕК мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақы;
- тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік несие:
- аудан орталықтарында – 2 500 АЕК-ке дейін,
- басқа ауылдық елді мекендерде – 2 000 АЕК-ке дейін.
Бағдарлама жастарға ауылда еңбек етуге мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр.