«Алтайдан Оралға дейін» велошеруі Екібастұз арқылы өтті

«Алтайдан Оралға дейін» велошеруі Екібастұз арқылы өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Велошеру бағыты еліміздің жеті облысын қамтыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кең ауқымды «Алтайдан Оралға дейін» атты велошеру бастау алды. Бұл – тек спорттық шара ғана емес, еңбекке деген құрметті, отансүйгіштікті және салауатты өмір салтын насихаттайтын елдік бастама. 

Шеру кезіндегі ерекше аялдамаларының бірі Екібастұз қаласы болды. Мұнда қатысушыларды қала тұрғындарымен қатар, №47 мекемесінің сотталған азаматтары да жылы қарсы алды. Бұл кездесу барлық қатысушылар үшін ерекше әрі әсерлі сәтке айналды.

Арнайы ұйымдастырылған шара барысында сотталғандар велошеруге қатысушыларға жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнап, оларға мықты денсаулық, жолда сәттілік тіледі. Бұл сәт – ашық қарым-қатынас, оң энергия мен өзара қолдаудың жарқын үлгісі болды.

Велошеру – бұл тек шақырымдар мен жылдамдық емес. Бұл – бәріміз жүріп өтетін өмір жолы. Сіздер еліміздің жолдарымен жүріп өтсеңіздер, біз – жаңа өмірге қадам басуға, түзелуге, болашақты дұрыс бағытта құруға ұмтыламыз, – деді сотталғандардың бірі.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департатаментінде мұндай кездесулер – қоғам мен түзету жолындағы азаматтар арасындағы көпір, бірлік пен өзара түсіністікке бастайтын маңызды қадам екенін айтады.