Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер куәліктерінен айырылды

Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер куәліктерінен айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жолдағы асығыстық пен ережеге бағынбаудың соңы ауыр зардаптарға әкеп соғуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қарсы қозғалыс жолағына шығу – жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін ең өрескел әрі қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Бұл маневрдің қауіптілігі сол, қарсы бағытта келе жатқан жүргізушілер мұндай тосын жағдайға дайын болмайды, ал соқтығысудың зардабы өте ауыр.

– Жылдың басынан бері қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 19 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, алты ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды. Жүргізуші куәлігінен айырылу да кейбір азаматтарды тоқтатпай отыр. Олар жол белгілері мен жолдың тұтас сызықтарына қарамастан, қарсы бағытқа шығып, басып озу маневрін жасап, өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне де қатер төндіреді, – делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.