Оқушыны ұрған: Павлодарда жасөспірімдерге қатысты бірнеше қылмыстық іс ашылды

Оқушыны ұрған: Павлодарда жасөспірімдерге қатысты бірнеше қылмыстық іс ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде 14 жасар баланы ұрып-соққан бес күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.

– Бұл іс бойынша екеуі уақытша ұстау изоляторына жеткізілген болатын. Сотқа оларды қамауға алу туралы өтініш жіберілді, бірақ сот оларды үй қамауында қалдыру туралы шешім қабылдады. Тағы үш күдіктіге ешқайда кетпеу туралы қолхат толтырылды. Екі күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) және 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша қылмыстық істер қозғалды, – деді Жасқайрат Қайыров. –  Сондай-ақ, олар басқа бір оқиғада күдікті деп танылды. Екінші жағдайда ҚР ҚК-нің 105-бабы (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Екінші жағдай туралы «НеМолчиKZ» қоры жариялаған болатын. Қорлық көрген қыздың анасы қорға жүгінген. Жас қыз жәбірге шыдамай өзіне қол жұмсамақ болған. Полиция ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша қылмыстық істі бастаған.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, 14 жасар баланы ұрған төбелесте болған куәгерлер де жазасыз қалмайды. 

– Ол жерде болған басқа да кәмелетке толмағандар аталған іс бойынша куәгер ретінде өтіп жатыр. Олардың ата-аналарына әкімшілік іс қозғалатын болады, – деді спикер. – Сотқа дейінгі тергеу барысында барлық қатысушаларды қарастыратын боламыз. Мысалы, олардың арасында біреулер түкіріп, балағат сөз сөйлегендер бар.

Сондай-ақ, соттың шешімінен кейін полиция департаменті материалдарды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарастыруына жібереді. 

– Оларды қоғамнан шеттетуге болмайды. Керісінше бұл балалармен жұмыс істеу қажет, яғни тәрбиесіне көңіл бөліп, қоғамға дұрыс адам ретінде оралуына көмек етуіміз керек, – деді Жасқайрат Қайыров. – Бізде отбасыларға ешқандай шағымдар жоқ, қарапайым жанұялар. Талдау көрсеткіштеріне сүйенсек, осы мектептердің балалары соңғы үш жылда ешқандай құқық бұзушылық жасамағаны анықталды. 

Еске сала кетейік, шілденің аяғында Павлодар көшелерінің бірінде жасөспірімдер арасында төбелес болған. 14 жастағы жасөспірім баланы бірнеше адам ұрып-соқты. Түрлі жарақаттармен оқушы ауруханаға жеткізілген еді. Полиция департаменті ҚР ҚК 107-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі істі қозғаған. Кейін облыстық прокуратура  оны ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігіне  (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) ауыстырған болатын.