Одорологиялық зерттеу: Павлодарлық иісшіл иттер ауыр қылмыстарды қалай ашады?

Иттер аптасына 2-3 рет жаттығады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Одорология – иіс туралы ғылым.
Криминалистика саласында жеті, одорология саласында төрт жыл қызмет ететін Павлодар облысы полиция департаментіне қарасты жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі, полиция аға лейтенанты Ғалымжан Жануақов одорология жанама дәлелдеме емес, көмекші дәлелдеме екенін алға тартады.
– Аса ауыр қылмыстарда одорологиялық зерттеу жүргізу қажет. Оқиға орнында қылмыс құралдары табылуы мүмкін. Мысалы, күдікті табылған кезде оның иісі донорлық иіс үлгісі ретінде алынады және қылмыс жасаған құралдан иіс алынады. Сол арқылы одорологиялық іріктеу жүргізіледі. Бірақ, тек осы сараптаманың нәтижелері бойынша айып тағуға болмайды. Иә, адам қылмыс болған жерде болуы мүмкін, бірақ қылмысты жасады деген факт емес. Яғни, бұл сараптаманың маңыздылығы – сол адамның оқиға орнында болғанын немесе болмағанын анықтау, – дейді Ғалымжан Жануақов.
Жыл басынан бері үш одорологиялық іріктеу жүргізілген, оның екеуі оң нәтиже берген. Атап айтқанда, ЖКО, кісі өлтіру фактілері бойынша күдіктіден донорлық үлгі алынған.
Сондай-ақ, саусақ іздері, микробөлшектер, ДНҚ үлгілері сараптамаға жіберіледі. Бірақ одорологиялық сараптама ДНҚ-ға қарағанда дәлірек деп саналады. Өйткені әр адамның өзіндік ерекше иісі бар және оны иттер жақсы сезеді.
– Адамнан иіс алу үшін біз шыны ыдыс пен фланель матасын аламыз. Матаны бүктеп, адамның қолтығының астына саламыз. Матада адамның иісі қалуы үшін шамамен 15-20 минут отыруы керек. Содан кейін матаны банкаға саламыз. Иіс шықпауы үшін банкада арнайы резеңке болады, сол арқылы тығыз жабылады. Кейін бар мәліметті ыдыстың сыртына жазылады. Ал оқиға орнынан иіс алуға барғанда алдымен қылмыс құралынан иіс аламыз. Құралдан адам ұстайды деген орынды анықтап, сол жерді матамен, үстінен фольгамен орап, 15-30 минут қалдырамыз. Кейін матаны банкаға саламыз. Мұның бәрі қолғаппен жасалады, – дейді криминалист.
Оның айтуынша, алынған үлгілер 10 жыл бойы сақталады. Ол үшін жеке бөлме бар және онда 200-ге жуық үлгі сақталады. Бөлме жылы және құрғақ болуы керек. 10 жылдан кейін үлгілер жойылады және бұл процесс бейнекамераға бекітіледі.
Ал детектор иттер қандай алгоритм бойынша жұмыс жасайды? Бастапқыда итке донорлық үлгі иіскеуге беріледі. Арнайы жабдықталған бөлмеде 10 контейнер орнатылады. Оның екі-үшеуінде донорлық үлгі және оқиға орнынан алынған иіс салынады. Детектор иттер бұл иістерді табуы керек. Үш түрлі ит тапқан кезде бұл оң нәтиже болып саналады. Мұның бәрі бейнекамераға түсіріледі.
– Контейнерлер тұрған жерге тек ит және оның иесі кіргізіледі. Қай контейнерде қандай иіс бар екенін зерттеу жүргізетін адам ғана біледі. Барлық үш ит мүлдем көрсетпесе немесе тек бір ит көрсеткен жағдайда сараптама жарамсыз деп саналуы мүмкін. Егер біз иттің жұмысқа бейімделмей тұрғанын көрсек, онда зерттеу басқа күнге ауыстырылады. Олармен аптасына екі-үш рет рет жаттығу жасалады, – дейді маман.
Айта кетерлігі, зерттеу жүргізілетін бөлмеде міндетті түрде дымқыл тазалау жасалып, желдетіледі.
Өткен жылы одорологиялық орталықта 10 зерттеу жүргізілген. Ғалымжан Жануақов саусақ іздері, трасологиялық зерттеулер сияқты зерттеулер жеткілікті болғандықтан, одорологиялық зерттеуді криминалистер көп жағдайда тағайындамайтынын атап өтті.