Асайын Байханов Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты
Қалада жылыту маусымына дайындалмай жатқан үйлер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі «Самрұқ-Энерго» АҚ сенімгерлік басқаруға алған жылу-электр орталығына барды.
– Станцияда 3 қазандыққа ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілуде. ЖМ-1 және ЖМ-3 (жылу магистралі) реконструкциялау жалғасуда, тіректері бөлшектелуде. 5 шілдеде 3,8 шақырым желіні салуды бастап, тамыздың соңына дейін аяқтайды, – деп өңір басшысы өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдеді.
Гидравликалық сынақтардан кейінгі 33 ақау қалды. Асайын Байханов реконструкциялау аймағындағы 29 үйді қоспағанда, 10 күн ішінде барлық жөндеуді аяқтап, үйлерге ыстық су беруді тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі М. Жүсіп көшесі, 157-үйінің тұрғындарымен кездесті.
– Олар мақсатты төлемдер арқылы үйлерін қысқа дайындауда. Алайда, дайындалмай жатқандар да бар. 702 үйдің 235-інде пәтер иелерінің кооперативі немесе меншік иелерінің бірлестігі жоқ және дайындық жасамауда. Олардың 175-ін басқарушы компанияларға тапсырамыз, 60 үй әкімдіктің бақылауында болады, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Сондай-ақ, өңір басшысы ағынды сулардың 60%-дан астамын сорып шығаратын коллектордың жөндеу жұмыстарын тексерді. 2,3 шақырым желі апатты жағдайда. Барлық жұмыс көлемін қарашаның соңына дейін орындау жоспарлануда.
Облыс әкімі мердігерлер мен қала басшылығынан алған міндеттемелерді уақтылы және сапалы орындауды талап етті. .
Посмотреть эту публикацию в Instagram