Павлодар облысында ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Павлодар облысында ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Мамандар жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сынамасын алып, тексеруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ИНЭК» ЖШС мердігер ұйымы Успен ауылында ұзындығы 1,2 шақырым болатын Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі мен ұзындығы 1,85 шақырым болатын Шевченко көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ Галицкое ауылындағы Карл Маркс және Мир көшелеріне жаңа асфальт-бетон жабыны төселді.

Павлодар облыстық Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы филиалының мәліметінше, құрылыс маусымы аяқталғанға дейін аудандық маңызы бар Богатырь – Қаратай, Рождественка – Павловка және Луганск – Константиновка автокөлік жолдарында жаңа су өткізу құбырларын орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, Успен ауылындағы Наукенов көшесін асфальттау жұмыстарын «ГрандСтройКомплект» ЖШС атқарады.

Сондай-ақ Ертіс ауданында сегіз жолды жөндеу көзделген. «Нурал» ЖШС мердігер ұйымы Қажымұқан және 2-ші Набережная көшелеріне асфальт төсеп үлгерді. Алдағы уақытта Ұзынсу және Луговое ауылдарына кіреберіс жолдарды жөндеуге кіріспек.

– Бұл нысандарға филиал мамандары бірнеше рет барып, тексеру барысында жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың 19 сынамасын алды. Зертханалық сараптама нәтижесінде үлгілердің басым бөлігі белгіленген талаптарға сәйкес келетіні анықталды. Тек екі сынама бойынша ескертулер тіркеліп, мердігер ұйымдарға оларды жою жөнінде тиісті ұсынымдар берілді, – дейді облыстық Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы филиалы директорының орынбасары Ербол Омаров. 

Айта кетейік, 2026 жылы Павлодар облысында ауылдық елді мекендердің көлік қатынасын жақсарту бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын ауылдарға апаратын 17 кіреберіс жолды жөндеу жоспарланып отыр.