Шарбақтыда бүлдіршіндердің жайлылығы үшін жаңа алаң салынады

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен жеті миллион теңге бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шарбақты ауданы әкімдігінің мәліметінше, аталған жоба ауыл тұрғындарының ұсыныстары негізінде әзірленіп, келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында іске асырылады.
– Біз ауыл тұрғындарының сұраныстарын ескеріп, 2026 жылға бірқатар нақты жобалар жоспарладық. Солардың ішінде ең маңыздыларының бірі – балалар алаңын салу. Бұл – тек ойын алаңы емес, бұл ауыл балаларының бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне арналған кеңістік болады, – деді әкімдікте.
Қалған жоспарлар ауылдың келбетін жақсартуға бағытталған. 2026 жылы Шарбақты ауылында балалар алаңынан бөлек, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылады. Атап айтқанда «Еңбек даңқы» аллеясына 10 орындық, 10 саябақ шамы орнатылмақ. Сондай-ақ, Жеңіс алаңына кіреберіс қоршау жаңартылады.
– Ағымдағы жылы ауылдарда бірнеше маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылған. Мысалы, жалпы ұзындығы 13,1 шақырым болатын жол жөндеу жұмыстарына 425,9 миллион теңге бөлініп, Шарбақты, Малиновка, Красиловка, Жылыбұлақ, Сахновка, Шалдай, Есілбай ауылдарындағы көшелер жөнделді, – деді әкімдікте.
Сонымен қатар, Шарбақты ауылында жаңа сквер мен балалар және спорт алаңы, Красиловкада балалар ойын алаңы орнатылды.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Шарбақты ауылында 18 бейнекамера, облыстық полиция департаменті тарапынан 72 камера орнатылған.
– Жыл бойы тұрғындардан дала жарығы, қосымша жарық шамдарын орнату сияқты өтініштер жиі түсті. Бұл сұраныстар кезекпен орындалуда, – деді әкімдікте.
Шарбақты ауданында ауыл инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. 2026 жылы жоспарланған балалар алаңы мен өзге де жобалар – тұрғындардың ұсынысы мен қолдауы негізінде жүзеге асады.