Асайын Байханов: Мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілін оқытуды күшейту қажет
Өскелең ұрпаққа ана тілімізді үйрету нәтижелі жұмысқа айналу қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Ананың бесік жырынан басталатын тәрбие – ұлттық тағылым бұлағы. Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпаққа игі дәстүрімізді дәріптеу. Бұл балаларды мемлекеттік тілдегі балабақшаға беруден басталады. Біз осы мәселені басшылыққа алуымыз қажет екені айқын. Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі, – деді облыс әкімі Асайын Байханов Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық білім беру саласының қызметкерлерімен өткен алқалы жиында.
Бұл ретте аймақ басшысы білім беру басқармасы мен бірлестіктің алдында озық тәжірибелерді қолдану міндетін қойды.
– Мемлекеттік тілдің қажеттілігін ескере отырып, мектепке дейінгі мекемелерде балаларды қазақ тілінде оқытуды күшейту – бәрімізге ортақ міндет. Сондай-ақ балабақшаларда қосымша білім беру қызметтерінің жеткілікті дамымағанын айта кеткен жөн. Қосымша үйірмелер мен секцияларды енгізу балабақшаларға қосымша табыс табуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге мүмкіндік береді. Мысалы, № 84 балабақша қосымша білім беру қызметтері арқылы бір жылға жетпестен 2,5 миллион теңге тапқан. Бұл – жақсы бастама, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, үш-алты жас аралығындағы балалар тоғыз жыл бойы 100 пайыз балабақшамен қамтылып келеді. Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту республика бойынша жоғары көрсеткішке – 84 пайызға ие.
Еске сала кетейік, Ертіс ауданында жаңа оқу жылынан бастап облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға ақшалай сыйлық беру көзделіп отыр.