Атамекенде мас күйде электровелосипед мінген тұрғын қамауға алынды

Атамекенде мас күйде электровелосипед мінген тұрғын қамауға алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ер адамның көлік құралдарын басқару құқығы болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 4 тамызда сағат 6:30 шамасында Атамекен кентінде ер адам мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз «Linkon» электровелосипедін мас күйде басқарған.

Сот отырысында ол кінәсін мойындап, бір күн бұрын алкоголь ішкенін түсіндірді. Таңертең электровелосипедпен дүкенге бара жатқан кезде оны полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Медициналық куәландыру ер адамның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.

– Электровелосипед өзінің техникалық сипаттамалары бойынша L1/A1 санатындағы көлік құралдарына жатады және тиісті басқару құқығы болған жағдайда ғана басқаруға рұқсат етілетін мопедке теңестіріледі, – деп хабарлады сотта.

Істі қарау кезінде медициналық куәландыру қорытындысы, бейнежазбалар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және ер адамның жүргізуші куәлігі жоқ екені туралы полиция мәліметтері зерттелді.

Сот ер адамды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.