Шарбақты ауданы білім бөлімінің басшысы туысының кесірінен айыппұл арқалады
Оқиға осы жылдың наурыз айының басында орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық білім бөлімінің басшысының қызметтік көлігін оның туысы тізгіндегенін жергілікті тұрғындардың бірі байқаған.
Осы іске қатысты аудан әкімдігі мемлекетке тиесілі "Нива" қызметтік көлігін бөлім басшысының ағасы басқарғанын растады.
Куәгер бәрін видеоға түсірген. Ер адам ауыл тұрғындарынан шенеуніктің туысы қызметтік көлікті пайдаланатыны туралы бірнеше рет естігенін және "оған ешкім әсер ете алмайтынын" айтты.
"Мен досымның өтіп бара жатқан көлігін тоқтатып, басшының ағасының соңынан ердім. < ... > Туыстар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға тиісті хаттама толтырылды. Көлік Шарбақты ауданының ІІО айып тұрағына қойылды", - деді куәгер.
Облыстың білім басқармасы жол берілген бұзушылықтар үшін ауданның білім бөлімінің басшысы Марат Итемгеновке қатаң сөгіс жарияланғанын және оны әкімшілік бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқанын хабарлады.
Санкция лауазымды адамдарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.