Павлодарлықтар шақалақтарға қалай көмектесе алады?

Павлодарлықтар шақалақтарға қалай көмектесе алады?
Фото: Константин Шелков

Нәрестелерге қамқорлық жасау үшін үлкен мүмкіндік немесе қомақты қаражат қажет емес. Кейде мейірімді жүрек пен жылы қолдың өзі жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы «28 ілмек» клубының еріктілері шала туған сәбилерге қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Волонтерлердің айтуынша, клубқа қосылып, кішкентай батырларға көмектескісі келетін кез келген адам олармен байланыса алады.

– Клуб мүшелері салмағы небәрі 500 грамнан екі келіге дейін болатын нәрестелерге қамқор болады. Олар перинаталдық орталықтардың жансақтау бөлімінде жатқан шақалақтарға табиғи жүннен жылы киімдер мен табиғи мақтадан емдік ойыншықтар тоқиды. Мұның бәрі тегін жасалады және сәбилерге сыйға беріледі, – дейді еріктілер.

Жуырда клуб қорына жанашыр павлодарлық Баян Бекбалташева қолдан тоқылған көптеген бұйымдарын табыстады.

– Баян Бекбалташевамен бес жылдан астам уақыт бойы таныспыз. Ол қайырымдылық шараларына белсенді қатысып келеді. Бұл жолы да бес шақалаққа арналған толық киім жиынтығы, жобамызға бас киімдер мен 16 жұп шұлық, жемпір, кеудешелер және ойыншықттарды әкеліп берді. Осындай жанашыр жандардың арқасында талай нәрестеге жылу сыйлап келеміз, – дейді клуб белсенділері.

Айта кетейік, былтыр «28 ілмек» клубы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Бүгінде павлодарлық клубта 27 ерікті бар. Олардың қатарында кәсіпкерлер, педагогтер, инженерлер, медицина қызметкерлері және үй шаруасындағы әйелдер жетерлік. Олар ай сайын бас қосып, бірге балаларға арналған бұйымдарды тоқиды. Ең бастысы – сәбилерге жылу сыйлау жолында бір-біріне демеу болу.