Баянауылда бір тәулік демалу орташа бағамен қанша тұрады?
Демалыс аймағы мемлекетіміздің ТОП-10 туристік аймақтарына кіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Елдос Бориев мәлім етті.
Баянауыл ұлттық саябағы аймағының өткізу пункттерінің ақпараты бойынша қаңтар айынан бүгінгі таңға дейінгі келушілер саны мыңнан астам адамды құраған. Жылдың соңына дейін күтілетін туристік ағым 225 мыңнан астам адамды құрайды.
– Туристердің саны өсіп келеді. Демалыс аймағы мемлекетіміздің ТОП-10 туристік аймақтарына кіреді. Жалпы, демалыс аймағында сыйымдылығы 6000 төсек-орынды құрайтын 54 демалыс үйі жұмыс істейді. Оның ішінде бес ведомствалық демалыс үйі бар. Сонымен қатар, екі балалар-сауықтыру лагері жұмыс жасайды, – деді Елдос Бориев.
Жалпы демалыс маусымында 15 тамақтану орны, 16 сауда нүктесі жұмыс жасайды. 250-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтамасыз етілген.
Спикердің айтуынша, Жасыбай демалыс аймағында орналастыру орындарында тәулік бойы бір адамға демалу орташа бағамен 10 мың теңгені құрайды.
– Биыл 2,5 миллиард теңгеге қосымша қонақ үйлер мен демалыс үйлерін салу үшін инвестиция тартып отырмыз. Бұл ретте, тазалықты да үнемі бақылауда ұстаймыз. Сенімгерлік басқаруға беріп, дәретхана мәселесі оңды шешілді. Енді тазалықты да сенімгерлік басқаруға тапсырып, қазір күніне үш мезгіл тазалық жүргізіледі. Жағажайда урналар, контейнерлер орнатылған. Айта кетерлігі, тазалық бойынша бұзушылықтар анықталды. Әкімшілік айыппұлдар салынып жатыр, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жакенов өңірге туристерді тартудың тағы бір тәсілі Баянауыл ауданында инфрақұрылымды салу және абаттандыру болып табылатынын атап өтті.
Бұл ретте, келесі жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Баянауыл ауылында визит-орталықты, Сабындыкөл көлінің жанында байқау алаңын салу бойынша жобаларды іске асыру және Сабындыкөл көлінің жағажайын абаттандыру жоспарланған.
Бұдан басқа, өткен жылмен салыстырғанда облыстағы қонақ үйлер толымдылығының 13 пайызға артып, қызметтер көлемі де 7,7 пайызға ұлғайды. Нәтижесінде қонақ үйлер бірінші тоқсан ішінде бір миллиард теңгеге жуық табыс тапқан.