Павлодарлықтар баспана кезегіне қалай тұра алады?
Өтініштерді онлайн түрде беруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қала азаматтары тұрғын үй кезегіне www.kezekte.kz сайты арқылы өтініш бере алады.
– Тұрғын үй кезегіне тұру үшін тек электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Кезекке қоюға өтініш 15 жұмыс күнінің ішінде қаралады және өтініш берушінің ұялы нөміріне қарау нәтижесімен 1414-тен SMS-хабарлама келеді, – деп түсіндірді бөлімде.
«kezekte.kz» сайты арқылы кезекке тұруға өтініш беру туралы толық нұсқаулықты мына жерден табуға болады.
Айта кетейік, кезекке тұрудың бірнеше шарттары бар:
- Павлодар қаласында тұрақты тіркелу талап етіледі;
- азаматтардың кезекке тұру кезінде және тұрғын үй беру сәтінде ҚР аумағы бойынша (соңғы бес жыл ішінде) меншік құқығында тұрғын үйі болмауы тиіс;
- көп балалы аналардың, көп балалы отбасылардың және халықтың әлеуметтік осал топтарының (жетім балалар мен мүгедек балаларға қолданылмайды) жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй беру туралы өтініш берер алдында соңғы он екі айда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен (134 561,7 теңге) төмен болуы тиіс.
Тұрғын үйге кезекке қоюға қатысты туындаған мәселелер бойынша кеңес алу үшін Кривенко көшесі, 25, 219 кабинет мекенжайы бойынша немесе +7(7182)32-74-48 телефоны бойынша хабарласуға болады.