Биыл Павлодар облысында жиырма беске жуық ата-ана құқығынан айырылған
Олар балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы кезеңде 196 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға уақтылы көмек көрсету мақсатында полиция, білім беру, қорғаншылық, денсаулық сақтау қызметкерлері, депутаттар, еріктілер және жұртшылық қатарынан мобильді топтар құрылды.
Биыл жыл басынан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мобильді топтар 1000-нан астам отбасын аралап шықты. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 59 ата-ана анықталды және есепке қойылды.
– Ағымдағы кезеңде 196 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина. – Балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін сот 24 ата-ананы құқығынан айырылды. Сондай-ақ, 36 заңды өкіл ата-ана құқықтарынан шектелді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға арналған орталықтарға 14 бала орналастырылды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот ерлі-зайыптылардың жас баласына қатысты ата-ана құқықтарын алты ай мерзімге шектеді. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған бала әжесінің қамқорлығына тапсырылды.