Ақсуда полицейлер тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Профилактикалық акция интернет-алаяқтықтан бастап балалар қауіпсіздігіне дейінгі бірнеше бағытты қамтыды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полиция қызметкерлері қоғамдық орындарды, аулалар мен сауда нысандарын аралап, интернет-алаяқтықтың, отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың, сталкингтің алдын алу, сондай-ақ балалардың терезеден құлауы мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акция барысында тұрғындарға алаяқтардың жиі қолданатын схемалары туралы айтылып, жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қудалау фактілерін жасырмай, дер кезінде полицияға хабарлау маңызды екенін түсіндірді. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату және москит торларының қауіпсіздік құралы еместігі ескертілді.
Патрульдік полиция инспекторлары балалар мен ересектерге жол жүру қағидаларын сақтау бойынша кеңес беріп, жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалану мен қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтер тағудың маңызын түсіндірді.
Іс-шара соңында тұрғындарға қауіпсіздік шаралары мен жедел қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.