Павлодарда сүт безі қатерлі ісігіне қарсы жүгіру акциясы өтеді
Ерлер бес, әйелдер үш шақырым қашықтықты бағындырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
3 қазанда Павлодардың орталық жағалауында «Қызғылт қазан» акциясы аясында жүгіру шарасы ұйымдастырылады. Тіркелген қатысушыларға жүгіруге арналған слоттар сағат 8:00-ден 9:30-ға дейін беріледі. Негізгі бағдарлама сағат 10:00-де басталады.
Ерлер бес шақырым, ал әйелдер үш шақырым қашықтыққа жүгіреді. Жүлделі орын алған қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталады.
– Бұл жай ғана спорттық шара емес. Жүгіру арқылы сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың маңызын еске салып, аурумен бетпе-бет келген әйелдерге қолдау көрсеткіміз келеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Акцияға Павлодар тұрғындары мен қала қонақтары шақырылады. Ұйымдастырушылар шараға отбасымен, достарымен және әріптестерімен келуге болатынын атап өтті.