Аққулыда мыңға жуық оқушы экобастамаға үн қосты

Аққулыда мыңға жуық оқушы экобастамаға үн қосты
Фото: Ұйымдастырушыдан

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акцияның ауқымы бұрынғыдан кеңейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданында өткен «Болашаққа бірге отырғызамыз» атты шараға 300-ден астам педагог, 900-ге жуық оқушы және 400-ден астам ата-ана қатысып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты жұмыстарын көрсетті. 

Акция барысында әлеуметтік мекемелер мен қоғамдық орындардың аумағы тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, қатысушылар қоқыс жинап, сұрыптау жұмыстарын жүргізді. 

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының хабарлауынша, тазалық барысында қатысушылар гүлзарлар жасап, қоршауларды әктеп, абаттандыру шараларын жүргізді. Жалпы көлемі жеті тоннаға жуық тұрмыстық қалдық полигонға шығарылды. Ал пластик, қағаз және шыны секілді тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға жөнелтілді.

Аққулы аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Әсем Оспанованың айтуынша,  шараны өткізудегі басты мақсат – өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру. Әсіресе, орта және жоғары сынып оқушыларының белсенділігі жоғары.

- Жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейміз. Балалар тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде табиғатты қорғауды үйренеді. Бүгінгі акцияда біз 350 түп ағаш көшетін отырғыздық. Олардың қатарында 100 түп қарағай, 150 түп шырша, 50 түп терек пен қайың көшеті бар, - деді ол.

Айта кетейік, тазалық акциясы тек мектеп аумағымен шектелмей, ауыл көшелері, саябақтар мен ескерткіштер маңын да қамтыды.