Павлодарда «Парктер шеруі» акциясы аясында экологиялық бастама күшейтілді

Павлодарда «Парктер шеруі» акциясы аясында экологиялық бастама күшейтілді
Фото: автор және Константин Шелков

Аталған бастама табиғатты сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде тұрғындар арасында кең қолдау табуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Орман табиғи резерваты бас директорының міндетін атқарушы Сырым Елемесовтің айтуынша, халықаралық «Парктер шеруі» акциясының басты мақсаты – халықтың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға деген қызығушылығын арттыру және табиғи байлықтарды сақтауға қоғамның назарын аудару.

– «Парктер шеруі» акциясы арқылы біз тұрғындарды табиғатты қорғау жұмыстары туралы кеңінен ақпараттандыруды көздейміз. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген жанашырлықты, жауапкершілікті қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Болашақта жастар табиғатты қорғаудың маңызын түсініп, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруы тиіс, – деді ол.

Павлодар облысының табиғи әлеуеті ерекше. Өңірде бір ұлттық парк және ірі ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан. Солардың бірі – Баянауыл ұлттық табиғи паркі. Бұл парк өзінің көркем табиғатымен, таулы ормандарымен және әсем көлдерімен танымал. 

Ал Ертіс орманы мемлекеттік орман табиғи резерваты – өңірдің тағы бір бірегей табиғи аймағы. Мұнда қарағай ағаштары өседі. Бұл орман алқабы Қазақстаннан Ресейдің Алтай өлкесіне дейін жалғасып жатқан сирек табиғи белдеу болып саналады. Әлемде мұндай ормандар тек Канада аумағында ғана кездеседі.

– Қарағайлы ормандардың экологиялық маңызы өте зор. Олар фитонцидтер бөліп, ауаны тазартады, құм көшкіндерінің алдын алады және жер асты суларының деңгейін сақтауға ықпал етеді. Яғни, бұл ормандар тек табиғи байлық қана емес, сонымен қатар экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың маңызды тетігі, – дейді маман. 

Қазақстанда 2026 жылғы «Парктер шеруі» халықаралық табиғат қорғау акциясы 22 наурызда басталып, 1 шілдеге дейін жалғасады. Осы кезеңде 5000-нан астам ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған. Айта кетерлігі,  2025 жылы Павлодар облысының 10 ауданындағы оқушылармен бірлесіп, Ертіс орманы резерватының мамандары 8300-ден астам қарағай тұқымын сепкен. Бір жыл бойы күтіп-бапталған көшеттер биыл мектеп аумақтарына отырғызылып, жаңа жасыл аймақтар қалыптастыруда. Сонымен қатар, табиғат жанашырлары құстарға да қамқорлық танытып, биыл 580 ұя жасап, оның бір бөлігін Шарбақты ауданы мектептеріне табыстады.

Табиғатты қорғау бағытында да өңірде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғаумен 300-ден астам мемлекеттік инспектор айналысады. Өрт қауіпті кезеңде қосымша 320-дан астам маусымдық қызметкер жұмысқа тартылады. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, жүргізушілер, тракторшылар және бақылау мұнараларының қызметкерлері бар.

Сырым Елемесовтің айтуынша, өткен жылы тіркелген орман өрттерінің 80 пайызы табиғи себептерден, нақтырақ айтқанда найзағай разрядтарынан болған. Ал тұрғындардың кінәсінен болған өрт оқиғалары тіркелмеген.

Дегенмен, өзекті мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – жол бойына қоқыс тастау және рұқсат етілмеген қоқыс орындарының көбеюі. Себебі бұрынғы елді мекендерде арнайы қоқыс полигондары болмаған. Қазіргі таңда бұл түйткіл мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатыр.

Өңірде өрт қауіпті кезеңге дайындық жұмыстары толық жүргізілген. 6 сәуірден бастап арнайы режим енгізіліп, барлық қызметтер күшейтілген тәртіпке көшеді. Соңғы жылдары орман шаруашылығы жаңа техникамен толықтырылды. Атап айтқанда, ондаған өрт сөндіру автокөліктері мен патрульдік техникалар алынған.

Сонымен қатар, әуе арқылы бақылау және өрт сөндіру жұмыстары да жолға қойылған. Бұл мақсатта арнайы тікұшақтар пайдаланылады. Олар өрт ошақтарын ерте анықтап, алғашқы сәтте-ақ ауыздықтауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өрттің ауқымды таралуының алдын алуда тиімді.