Павлодар облысында «Жасыл ел» сарбаздары алты тоннадан астам қоқыс жинады
Жастар тазалық пен көгалдандыруға белсенді атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері жыл басынан бері өңірде алты тоннадан астам қоқыс жинаған. Оның екі тоннадан астамы облыс орталығына тиесілі. Биыл екі мыңнан астам жас маусымдық жұмысқа тартылып, елді мекендерді абаттандыру мен табиғатты қорғау бастамаларына қатысты.
«Жасыл ел» қалалық штабының командирі Арина Краскованың айтуынша, жасақтардың міндеті аумақтарды тазалап, гүлзарларды күтіп ұстаумен ғана шектелмейді. Жастар экологиялық жобаларды әзірлеуге, түрлі бастамаларды жүзеге асыруға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге де ықпал етті.
– Біз үшін экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Әр іс-шараны ойын немесе интерактив форматында өткізуге тырысамыз. Қатысушылар табиғатқа қатысты мәселелерді тәжірибе жүзінде танып, өз үлестерін қоса алады. Мысалы, экологиялық зертханада суды тазарту жолдарын үйренсе, жәрмеңкеде кітаптар мен басқа да заттарды алмастырып, оларды қайта қолдануға мүмкіндік алды, – деді Арина Краскова.
Оның мәліметінше, көктем мен жаз айларында облыс бойынша екі мыңнан астам сарбаз еңбек етті. Шаһарда олар гүлзарлардағы арамшөптерді жұлып, қоғамдық орындарды ретке келтіруге көмектесті. Ал аудандар мен ауылдарда көшет отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға қатысты.
Мәселен, Атамекен ауылындағы экологиялық жасақ «Таза Қазақстан» аллеясын құруға атсалысқан. Баянауыл ауданында да жастардың қатысуымен ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының қатысуымен өткен республикалық телемост аясындағы шараға облыстан 500-ден астам жас белсенді қатысты.
Арина Краскованың сөзінше, жастар экологиялық бастамаларды өздері де ұсынады. Олардың қызығушылығын арттыру үшін дәстүрлі дәрістер мен дөңгелек үстелдердің орнына тәжірибелік тапсырмалар, танымдық ойындар және серуен форматындағы кездесулерге басымдық беріледі.
– Өңір жастарының бұл бағыттағы жұмысы республикалық деңгейде де бағаланды. Семей қаласында өткен қорытынды жиында Павлодар облысының «Жасыл ел» штабы үздік штабтардың қатарына енді. Мұндай жетістікке еңбек жасақтары мен еріктілердің бірлескен жұмысы негіз болды, – деді штаб командирі.
«Жасыл ел» бағдарламасы жастарға жазғы демалыс кезінде табыс табуға мүмкіндік берумен қатар, қоғамдық өмірге белсенді араласуға жол ашады. Олар өздері тұратын елді мекендерді көркейтуге қатысып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды іс жүзінде үйренеді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 400-ден астам іс-шара өткізілді. Бастамалар тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға, заттарды қайта пайдалануға және қоршаған ортаны таза ұстауға баулуға бағытталған.