Балалардың құлауы жиіледі: Павлодарлық дәрігерлер дабыл қағуда
Балалардың биіктен құлау фактілері жыл сайын көбеюде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық балалар ауруханасының травматологы, дәрігер-нейрохирург Талғат Қасымбековтің айтуынша, былтырғы жылы облыста 31 бала терезеден құлап, оның үшеуі қайтыс болған.
– Біз күн жылына бастаған кезде сақтықпен қараймыз, өйткені балалардың биіктіктен құлау жағдайлары жиілейді, – дейді дәрігер. – Балаларда ішкі ағзалардың ауыр аралас жарақаттары, дененің әртүрлі бөліктерінің сынуы, бас миының жарақаттары тіркеледі.
Травматологтың айтуынша, зардап шеккендердің саны жыл сайын өсуде. 2020 жылы биіктіктен сегіз бала, 2021 жылы 12 бала құлаған, оның ішінде екеуі көз жұмды.
– Ата-аналармен профилактикалық әңгімелер жүргізілуіне қарамастан, жақсы нәтижені көре алмай тұрмыз, – дейді спикер.
Талғат Қасымбековтің пікірінше, балалардың қараусыз қалуының бірден бір себебі – ата-аналардың жұмысбастылығы. Бұл ретте ашық қалған пластикалық терезелер өте қауіпті болуы мүмкін. Көбінесе 4-8 жастағы балалар терезеден құлайды.
Биыл облыстық балалар ауруханасына биіктен құлап, жарақат алған бір бала түскен.
Константин Шелковтың иллюстарциялық фотосуреті