Павлодар облысында энергетика саласы жаңғыртылуда
Осы мақсатта 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар өңіріндегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында жылу тарату компаниясы екінші және үшінші жылу-электр орталықтары мен электр желілерін жаңартуға 875 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Осыған орай қоғамдық тыңдауда компаниялар тобының инвестициялық бағдарламаларын іске асыру қорытындылары жарияланды.
Жалпы қаражаттың 704 миллион теңгесі екінші және үшінші жылу-электр орталықтарына, ал 171 миллион теңгесі «Павлодар электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының нысандарына бағытталған.
Үшінші жылу-электр орталығында күл үйіндісінің үшінші кезегінің екінші іске қосу кешені салынуда. Сонымен қатар, екі орталықтағы үшінші және бесінші қазандық агрегаттарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бұл жұмыстар станциялардағы жабдықтардың сенімділігін арттырып, алдағы жылыту маусымынан қауіпсіз өтуге мүмкіндік береді, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары, бас инженері Вадим Лесин.
Ал «Павлодар электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамы Баянауыл ауданындағы 10 киловольттық әуе желісін қайта жаңғыртуда. Сондай-ақ кәсіпорын технологиялық жабдықтар мен арнайы техникалар сатып алған.
Компания мәліметінше, атқарылып жатқан инвестициялық жұмыстар өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының тұрақтылығын арттырып, алдағы жылыту кезеңіне сапалы дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған.