Дәрігер қателігі үшін жаза жеңілдетілуі мүмкін - заң жобасы
Кәсіби міндетін тиісті деңгейде атқармаған денсаулық сақтау қызметкерлеріне тағайындалатын жазаны жеңілдету қарастырылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің министрлік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Заң жобасында медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормалар ұсынылды», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында баяндама жасай отырып.
Сондай-ақ министр аталған өзгерісті енгізудің себебін түсіндіріп өтті.
«Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігіне қатысты ұсынылған модель және олар міндетін тиісті атқармаған жағдайда жазаны жеңілдету алдымен азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, сол сияқты медицина қызметкерлерінің жеке және қаржылық құқығын қорғаудың мүмкіндігі артады. Одан бөлек, медицина саласынан білікті мамандардың кетуін азайтуға бағытталып отыр», - дейді ведомство басшысы.