Павлодар облысында отырғызылған көшеттер неге жерсінбеді?
Соңғы екі жылда аймақта отырғызылған жасыл желектердің жерсіну көрсеткіші нормадан төмен болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев мәлім етті.
– Бекітілген Кешенді жоспарға сәйкес 2021-2025 жылдары орман көлемін ұлғайту мақсатында облыста 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінде аталған көлемнің 31%-ы орындалды. Екі жыл ішінде 6,2 мың гектар жерге 32,5 миллион көшет егілді. Былтыр 16,8 миллион түп қарағай отырғызылған болатын, – дейді Руслан Төлепбаев.
Оның айтуынша, жоспарды орындауға жалпы 593 млн теңге бөлінген, оның ішінде 151 млн теңге – республикалық бюджеттен. Биылғы жылдың көктемінде 1438 га жерінде қылқанжапырақты тұқымдастар егілген, қалған бөлігі күзде отырғызылады. Болжам бойынша екі жылдан кейін 12-13 млн түп ағаш өседі. Алайда отырғызылған ағаштардың жерсіну деңгейі төмен.
– Өткен жылғы түгендеу қорытындысы бойынша өсімдіктердің жерсініп кету деңгейі 41%-ды құрады, дегенмен бұл төмен көрсеткіш. Норма бойынша жерсіну деңгейі 65-70 % болуы тиіс, – деп түсіндірді Руслан Төлепбаев. – Жерсінбеу себептері – қатты ыстық пен жауын-шашынның жоқтығы. Отырғызу технологиясы бойынша көшеттерді суарылмайды, себебі олар табиғи ылғалмен қоректенеді.
Спикердің сөзінше, билығы жылғы отырғызылған көшеттердің жерсіну деңгейі күздегі орман дақылдарын түгендеу кезінде белгілі болады.
Айта кетейік, екпе жұмыстары бұрын өрт болған жерлерде жүргізіледі. Жанып кеткен ағаштардың орны тазартылып, жаңадан ағаштар отырғызылады. Мамандар орман қорының қалыпқа келуі үшін 40-50 жылға дейін уақыт кететінін айтады.
Фото: Константин Шелков