Бас жүлде – бір миллион теңге: Павлодар облысында әдеби байқау басталды
Биыл аталмыш байқау көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды.
– Басты мақсат – ұлттық болмысты, рухани құндылықтарды паш ететін, креативті идеяларға ие жас қаламгерлерге, отандық авторларға қолдау көрсету және шығармаларын насихаттау, – дейді ұйымдастырушылар.
Үміткерлер «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма» аталымдары бойынша қатыса алады. Әр аталымның жүлде қоры: бірінші орынға 1 000 000 теңге, 2 орын – 750 000 теңге, 3 орын – 500 000 теңге.
Бұдан бөлек, байқауда «Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлері І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Б. Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Үш бәйтерек» арнайы жүлдесі тағайындалып отыр. Арнайы жүлде жеңімпаздарына 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталады.
Шығармалар 20 қазанға дейін ulydala-pavlodar@amanatpariyasy.kz электрондық мекенжайы арқылы қабылданады. Байқауға 20-45 жас аралығындағы авторлар қатыса алады.
Байқау бойынша толық ақпаратпен сілтеме арқылы танысуға болады.