Павлодарлық студенттер жеке сурет көрмелерін ашты
Көрме қатысушылардың көңілінен шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Айна» галереясында Қ.И. Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақ елінің жер қойнауынан» атты сурет көрмесі өтті.
Аталмыш іс-шараға Павлодар көркемсурет колледжі студенттерінің әртүрлі стильдер мен техникадағы 50-ден аса үздік жұмысы қойылды. Бұл – облыстық кітапханадағы студенттердің алғашқы көрмесі емес. Колледж студенттері «Айна» галереясында бірнеше рет жеке көрмелерін де ашты.
– Жыл сайын Павлодар көркемсурет колледжі студенттерінің есеп көрмесі өтеді. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Көрмеге студенттердің ең үздік жобалары қойылды, – дейді С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының креативті шығармашылық орталығының басшысы Марал Таженова.
Павлодар көркемсурет колледжі 27 жыл ішінде 600-ден астам жоғары білікті интерьер, графикалық дизайн, өнеркәсіптік дизайн маманын дайындаған. Колледж студенттері – қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері.
– Өнерлі жастар көрмеден үлкен тәжірибе алады деген ойдамыз. Сонымен қатар, студенттер жоғары деңгейде өздерінің жеке көрмелерін ашты, – деп атап өтті орталық басшысы.
Экспозицияға кескіндеме, сурет, арнайы сурет, арнайы технологиялар, графикалық және интерьер дизайнындағы жобалау бойынша 50-ден астам үздік жұмыс ұсынылды.
Алдағы уақытта С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті дизайн факультетінің студенттері кітап иллюстрацияларына арналған жобаларын ұсынады. Ал наурыз айында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері этностильде көрме өткізеді.
Айта кетейік, көрмені ақпанның 28-не дейін тамашалауға болады.