«Үйтұмары, киіз»: Павлодарда ұлттық бұйымдарға арналған шеберлік сағаты өтті
Сондай-ақ, мастер-класста қой малының маңыздылығы мен қасиеті туралы айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік «Қоғамдық келісім» сарайы басшыларына арналған республикалық семинар аясында «Қолөнер-дәстүрдің жалғасы» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шара «Қоғамдық келісім» сарайы Қазақстан халқы Ассамблеясының ауқымды бастамаларын іске асыруға, этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс атқарып, интеграция алаңын қалыптастыру тәжірибесімен бөлісуге, тығыз байланыста бірлесіп атқарған көпқырлы жұмысты республикалық деңгейде семинар жұмысы арқылы насихаттауға бағытталған.
– Бүгінгі іс-шараға таңдап алған тақырыбымыз – ақ және қызыл түстерден «Үйтұмар» бұйымын жасау. Ақ түс ақтықты, ақкөңілділікті, көңіліміздің, арманымыздың асқақ екенін, қызыл түс көз тимесін деген ұғымды білдіреді. Дөңгелек шексіздік деген ұғымды нұсқайды. Тұмаршаның аяғындағы салпаншақтары ұрпағымыздың жалғасын тауып, өрбісін, өссін дегенді білдіреді, – дейді «Кәусар бұлақ» ата-әжелер клубының төрағасы Ғалия Сұңғатова.
Оның айтуынша, сары түс байлық, баршылықты, тоқшылықты, сондай-ақ жаңа Қазақстанымызға арман-тілектеріміздің бір екенін, ауызбіршілігімізді, еліміз гүлденсін деген ойды арқалайды.
Шеберлік сағаттың кезекті жаңа сабағы – қой малының маңыздылығы мен қасиетін жас қолөнершілерге дәріптеу. Қой малынан алынған жүннен бұйымдар жасалынды.
– Сабағымызда жүннен киіз басуды, сабын және сумен ықшамдатылған, заманауи түрде жүн тартып, оқушы қыз балаларға үйретіп жатырмыз. Олар – біздің жалғасымыз, атадан-әжеден мұра болған өнерімізді дәріптеп, әрі қарай дамытады деген ойдамын. Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың бірін үйрет» деген нақыл сөзі бар. Оқушы балаларға үлгі болсақ, тоқтаусыз, шексіз дамимыз, – дейді қолөнерші.
Қолөнерші балалармен жұмыс жасағанына қуанышты. Спикердің сөзінше, қолөнерші – әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қазақтың өзіне біткен қолөнерін насихаттаушы.
Айта кетейік, қолөнершілер жиын соңында тұмарларын қонақтарға табыстады.