Ақсулық би ансамблі Алматыда жүлде алды
«Ақ шағала» хореографиялық фестиваль-байқауы Қазақстанның барлық өңірлерінен 160 үздік бишіні жинады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған шараның мақсаты – білім алушылардың хореографиялық, шығармашылық қабілеттерін дамыту, үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу.
– Байқауға облыс атынан қатысқан Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның «Айгөлек» үлгілі би ансамбілі еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 би ансамблінің арасынан топ жарып, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды, – дейді облыстық білім беру басқармасында.
«Айгөлек» үлгілі би ансамбілі республикалық, халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Жетекшісі – Динара Зембаева.