Баянауыл ауданында ардагер ұстазға мемориалдық тақта орнатылды (ВИДЕО)

Баянауыл ауданында ардагер ұстазға мемориалдық тақта орнатылды (ВИДЕО)

Бірлік ауылының мәдениет үйінде ауылдың ардақты азаматы, ардагер ұстаз  Әбілдин Мұхит Шұғайыпұлына арналған мемориалдық тақтаның салтанатты  ашылу рәсімі өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Мемориалдық тақтаны ашу мәртебесі ұстаздың ұлы Бауыржан Әбілдин, құрметті ел азаматы Балтабай Сыздықов, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Күлжанов пен ауыл қариясы, ұстаздың көршісі болған Раис Күлкашевқа бұйырды. 

Мұхит Әбілдин 1948 жылы 5 наурызда Павлодар қаласында дүниеге келген. 1953 жылы Екібастұз қаласына қоныс аударған. Небәрі бес жасында анасы  дүниеден өткен соң әкесі Шұғайып Бірлік ауылына көшіп келеді. Алайда сырқаттың кесірінен екі жыл төсек тартып, жатып қалады. Осылайша Мұхит Әбілдин 11 жасында әкесінен айырылып кала береді. Кішкентайынан тағдыр тауқыметін басынан өткерген жас бала әрі қарай оқуын Майқайың мектеп-интернатында жалғастырады. Кейін Бірлік ауылында жұмыс істеп, сол жерден  әскер қатарына аттанады. Отан алдындағы парызын екі жыл абыроймен атқарып келген соң, ауылда балғашы болып жұмысқа кіріседі.  

– Ұстаз талай жылдар бойы мектепте еңбек, сызу, дене шынықтыру сабақтарын өткізіп, ауыл тұрғындарын өнерге, спортқа бағыттай білетін. Ауылдың дамып, өркендеуі жолында зор еңбек сіңірген. Әбілдиндер отбасы тоғыз жыл бойы мәдениет үйінің ғимаратын қызғыштай қорғап, ауыл халқына сыйға тартқан. Жастарды үстел теннисіне баулып, мәдениет үйінің сахнасында талай өнер адамдарының жұлдызы жануына себепші болған. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары бірауыздан осы мәдениет үйіне ұстаздың есімін беру ұсынысын алға тартып, құжаттарын рәсімдеу үстінде, – деп еске алады шәкірттерінің бірі  Рымгүл Божақанова.  

Екі қабатты 300 орындық мәдениет үйі 1987 жылы бой көтеріп, алғашқы директоры болып Майжан Айтмағамбетова тағайындалған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жекешелендіру саясаты кезінде мәдениет үйіне де қатер төнгенде Майжан Айтмағамбетова жолдасы Мұхит Әбілдинмен бірге ғимаратты өз ақшаларына сатып алып, сақтап қалған. Алмағайып заманда ел игілігі мен болашақ ұрпақ үшін бұзылудан, жеке меншікке сатылып кетуден сақтап қалып, ауыл тұрғындарына өз күшімен спорттық секциялар ұйымдастырған. 

Мәдениет үйінде жас ерекшеліктеріне орай шахмат, үстел теннисінен турнирлер ұйымдастырылып, соңы мерекелік концертке ұласты. Ауыл өнерпаздары ән шырқап, тұрғындар ұлағатты ұстаз есімін тағы бір мәрте еске алып, өткен өмір жолы мен бойындағы асыл қасиеттеріне тоқталған бейнероликті тамашалады.