Ертіс ауданының ауылында ұйымшыл мектеп ұжымы білім ордасының мәртебесін көтеруде
50 жылдық тарихы бар Панфилов ауылының оқушылары мен ұстаздары мектеп үшін бар жанын салуға дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс аудан орталығынан 40 шақырым жерде Панфилов ауылдық округі орналасады. Оған үш ауыл кіреді– Панфилов, Тоқта, Қосағаш. Ауыл тұрғындарының жалпы саны–982 адам. Ауылдық округінің әкімі Асылбек Кәрібаевтың айтуынша, келесі жылы Панфилов ауылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына кіреді.
– Биыл аудандық бюджеттің есебінен ауылдың қақ ортасында футбол алаңын салғыздық. Оның жанында балаларға арналған ойын алаңын аштық. Ал келесі жылы асфальт жоқ жеті көшеге жол төселіп, 16 жыл жөндеу көрмеген мәдениет үйі қолға алынады деп жоспарлануда. Ғимаратты толықтай күрделі жөндеуден өткіземіз,– деді Асылбек Кәрібаев.
Панфилов ауылында 1969 жылы есігін айқара ашқан мектепте бүгінде 74 оқушы білім алуда. Мектеп ішіндегі шағын орталыққа жиырмадан астам бала барып жүр. Білім ордасында көп жылдар бойы жұмыс істеп жүрген жан-жақты ұстаздар балаларға сабақ беріп, олардың бойында дарындылық пен шығармашылық қасиеттерді сіңіріп келе жатыр. Сондықтан да мектеп оқушылары шахматтан, волейбол, футбол, гір көтеру, бокстан да түрлі чемпионаттардан жүлделі орындар алып жүр. Оған кабинеттегі ондаған медаль мен дипломдар дәлел болып отыр.
Мектепте тарих пәнінің мұғалімі, сондай-ақ шахмат үйірмесінің оқытушысы Марат Ахметов оқушылардың әрбір жетістігі үшін қуанып, олардың болашағына үлкен үміт артады.
– Қазақстанның танымал боксшысы Серік Теміржанов – мектебіміздің түлегі. Біз оны әрқашанда мақтан тұтып, үлгі ретінде оқушыларымызға айтып отырамыз,– деді Марат Ахметов.– 2019 жылы мектебіміздің 50 жылдық мерейтойы болған кезде шахмат кабинетін ашқан едік. Осы мекептің ұясынан ұшқан Шәкіровтар отбасының сегіз ағайындысы демеушілік жасап, кабинетті толықтай жабдықтауға жәрдемдесті. Бүгінде үйірмеге 15-20 бала тұрақты түрде барып жүр.
Ал Ботагөз Жарасова мұғалімдер арасында оқушыларға білім беріп қана қоймай, олардың өнерпаз болып өсуіне ықпал етіп жүрген ұстаздардың бірі. Бастауыш сынып мұғалімі домбыра үйірмесіндегі жұмысты қатар алып жүр.
Ол үшін мектепте арнайы кабинет бар. Балалар домбыра тартуға келген кезде Қабырғаның бір жағында мектептегі бейнелеу өнері пәнінің ұстазы салған Дина Нұрпейісова мен Құрманғазы Сағырбайұлының салынған бейнелерін көруге болады. Оқушылар суреттің астыңғы бөлігінде бірден көзге түсе қоймайтын QR-код арқылы күйшілердің өмірбаянын оқып шыға алады.
– Аптасына төрт рет 14 бала үшін домбыра сабағын өткіземін. Домбыраға үйрету бұл–ұлттық мұраны қалыптастыру. Мектептің басшылығы қолдап биыл осындай керемет домбыра кабинеті ашылды. Балалар төкпе, шертпе күйді де орындайды. Аудандық іс-шараларға ұжыммен қатысып отырармыз,– деді Ботагөз Жарасова.
Мәдени және спорттық жағынан шыңдалып жатқан оқушылардың патриоттық тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Серік Арынов 2017 жылы мектепте ашылған әскери мұражайында басшылық етіп отыр.
– Бұл кабинетті мектептің күшімен аштық Барлық мұғалімдер көмектесіп, керекті мағлұматтарды көмектесуге атсалысты. Қабырғадағы стендтар Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің, ауданымыздан шыққан батырлардың портерттері ілулі тұр. Сондай-ақ, майданда қаза тапқан жауынгерлердің жеке заттары мен құжаттардың көшірмелерін көруге болады. Панфилов ауылынан Кеңес Одағының үш батыры– Горобец, Скляр, Кутурга шыққан,– деді Серік Арынов.
Жыл сайын мамыр айларында мұражайдан балалар шықпайды. Олар түрлі семинар сабақтар өткізіп, шаралар ұйымдастырып жатады.
Сондай-ақ, мектептің дәлізімен өтіп бара жатқан кезде ерекше стендті байқауға болады. Ол жерде мектептің іргетасы қаланған жылдан бастап 2019 жылға дейінгі мектеп бітірушілердің фотолары ілулі тұр. Енді қазір оқып жүрген мектеп оқушылары әр жылдардың түлектерін көре алады.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Жанарбек Тоқтарбайдың сөзінше, оқушылар үшін бүкіл жағдай жасалған.
– Барлық оқушыларымыз тегін тамақтанады. Жергілікті ауылдастарымызбен келістік. Олар демеушілік жасап, 30 баланың тамағын қамтамасыз етіп отыр, ал қалғандары бюджеттен тегін тамақтануда. Мұғалімдер үшін де асханадағы бағаны қолжетімді етіп жасадық. Мысалы, бір кешенді түскі асқа небәрі 250 теңге ғана төлейді,– деді Жанарбек Тоқтарбай.
Оның сөзінше, келесі жылы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Мектеп соңғы рет жөндеуден 2017 жылы өткен болатын. Ендігі жылы жоба өз шешімін тапса, білім ордасында өрт дабылы, есіктер мен әйнектері ауыстырылып, акт залға қосымша жылу беру үшін батареялар қойылады.