Павлодарда үздік идея ұсынған ұстаздар марапатталды
«Үздік интерактивті сабақ» облыстық педагогикалық идеялар интернет-фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқаудың мақсаты – оқытудың интерактивті әдістерін қолданатын педагогтардың кәсіби шеберлігін қолдау және арттыру, таланты және белсенді мұғалімдердің педагогикалық тәжірибесін насихаттау, тарату және оларды көтермелеу. Шараны облыстың білім беру басқармасының ақпараттық технологиялар орталығы өткізді.
– Фестивальге облыс педагогтары жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық пәндер, бейіндік, бастауыш, сыныптан тыс оқыту бойынша оқу-тәрбие процесіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді енгізетін 110 өтінім ұсынды, – деді қалалық білім беру бөлімінде.
Нәтижесінде «Жаратылыстану-математикалық пәндер» бағыты бойынша Палодар қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің үш педагогы жүлделі орындарға ие болды.
№43 ЖОМ-нің математика және физика мұғалімі Алена Баланюк және Ж. Ташенев атындағы ЖОМ-нің физика мұғалімі Айдана Манат бірінші орынға, М. Жүсіп атындағы ЖОМ-нің биология мұғалімі Айжан Отарова үшінші орынға, «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» бағыты бойынша №2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Жұманова бірінші орынды иеленді.
«Бастауыш білім беру» бағыты бойынша бірінші орынға М. Әуезов атындағы ЖОМ-нің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Бебель ие болса, екінші орын М. Жүсіп атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нұрбике Шахановаға берілді.
«Сыныптан тыс оқыту» бағыты бойынша №25 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Әйгерім Шәкірова екінші орынға лайық деп танылды.
Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар облыстық білім беру басқармасының түрлі дәрежелі дипломдарымен марапатталды.