Баянауылда болашақ көшбасшылар бас қосты
70 павлодарлық оқушы LEADER CAMP 2026 жазғы лагерінде көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, туристік және экологиялық білімдерін толықтырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқушыларды жорықтар, экологиялық акциялар, туристік сынақтар мен жаңа таныстықтар күтіп тұр.

Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының директоры Жанна Темірованың айтуынша, лагерьдің басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге жағдай жасап қана қоймай, оларды командада жұмыс істеуге және бастамашыл болуға және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға баулу.
– LEADER CAMP – балалардың көшбасшылық қасиеттерін іс жүзінде шыңдайтын ерекше орта. Мұнда олар бір-бірімен достасып, өзіне деген сенімділігін арттырады, туристік дағдыларды меңгереді, Баянауылдың табиғи байлығымен танысады әрі қоршаған ортаны аялаудың маңызын түсінеді. Көпшілік үшін осы бірнеше күн жаздың ең жарқын естеліктерінің біріне айналады, – деді Жанна Темірова.
Қатысушылар үшін экология, туризм, өлкетану және көшбасшылық мектебін қамтитын мазмұнды бағдарлама әзірленген.
Оқушылар экологиялық акциялар мен квестерге қатысып, туристік практикумдар мен шеберлік сабақтарынан өтеді, кешкілік туристік ән кештеріне қатысады. Сондай-ақ олар Баянауылдың ең танымал тарихи-мәдени орындарының бірі – Жасыбай батырдың мазары мен Қоңыр әулие үңгіріне экскурсия жасап, туған өлкенің тарихына арналған зияткерлік ойындар мен шығармашылық тапсырмаларда бақ сынайды.
Фото: Жанна Темірова