Павлодарлық оқушылар күзгі демалысты мазмұнды өткізеді

Білім басқармасы кешенді мерекелер тізбегін әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста 2025-2026 оқу жылының күзгі каникулы 27 қазан мен 2 қараша аралығында өтеді. Демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялар өз жұмысын жалғастырады.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, демалыс күндері балалар үшін мазмұнды іс-шаралар жоспары әзірленген.
– Күзгі демалыста оқушылардың барлығы дерлік түрлі бағыттағы үйірмелер мен секцияларға, дебаттық турнирлер мен шығармашылық байқауларға тартылады. Балалардың қауіпсіздігі мен пайдалы демалысы – басты назарда, – деді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Исабаева.
Мектептерде «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында «Адал азамат» бағдарламасы бойынша дебаттық турнирлер өтеді. Бастауыш сынып оқушылары үшін «Балалар кітапханасы» жобасы шеңберінде аудандық «Алдар Көсенің саяхаты» атты квест-ойындар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, облыстың барлық аудандарында «Аққу» жобасы аясындағы «Қыз – еркем, қылығымен көркем» байқауының іріктеу кезеңдері өтеді. Жекелеген аудандарда «Өнерлі отбасы», «Мәңгілік ел», «Нұрғиса саздары» сияқты шығармашылық байқаулар жоспарланған.
– Біз үшін маңыздысы – оқушылардың өз қабілеттерін ашып, мәдени және ұлттық құндылықтарға жақын болуы. Осындай жобалар арқылы олар өнер мен дәстүрге қызығушылық танытады, – деп атап өтті Сәуле Исабаева.
Демалыс күндері дене шынықтыру мұғалімдеріне, психологтар мен әлеуметтік педагогтарға арналған «Дос болайық» бағдарламасы аясында буллингтің алдын алу жөніндегі семинарлар да өтеді. Қазанның соңғы күндері орта буын оқушылары арасында ұлттық ойындар – «Асық ату» және «Бес асық» бойынша облыстық турнир ұйымдастырылмақ.
Катаев атындағы оқушылар сарайында бастауыш сыныптарға арналған «Алтын күз – көңілді мезгіл» атты ойын-байқау бағдарламасы өтсе, «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде ата-аналарға арналған «Жанұя жылуы» атты тренинг элементтері бар кездесу жоспарланған.
Өңірде үйірмелер мен секциялардың қатысуын тіркеу үшін «UIRME» ақпараттық жүйесі енгізілген.
– Жаңа жүйе арқылы оқушылардың қатысу белсенділігі мен үйірмелердің жұмысы нақты бақыланады. Осылайша, күзгі демалыс кезінде балалардың жүз пайыз қамтылуы қамтамасыз етіледі, – деді бөлім басшысы.
Облыста күзгі демалыс – тек демалыс емес, білім мен шығармашылыққа жол ашатын уақыт болмақ.