Павлодар облысында білім беру сапасын жаңа адам қадағалайды

Павлодар облысында білім беру сапасын жаңа адам қадағалайды
Фото: Білім басқармасы

Өңірге ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің өкілдері жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы білім басқармасының мәліметінше, өңірге ҚР Оқу-ағарту Министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова келді.

Ол алдымен № 33 сәбилер бақшасына барып, содан соң М.М. Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Кейін комитет төрағасының орынбасары Павлодар қаласының № 7 жалпы орта білім беру мектебінде болды.

Ж.Тәшенов атындағы мектеп базасында Павлодар облысының білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен диалог алаңы өтті. Майра Мелдебекова білім берудің жаңартылған мазмұны бағдарламасы бойынша түсініктеме беріп, оқушыларды бағалау жүйесіне қатысты негізгі мәселелерді айтты.

– Бүгінгі іс сапарымның негізгі миссиясы - білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Павлодар облысындағы департаментінің басшысының тағайындалуы. Гүлнар Үздембаева Оқу-ағарту Министрінің келісімімен, министрліктің аппарат басшысының бұйрығымен Павлодар облысындағы департаменттің басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды, – деді Майра Мелдебекова.

Білім саласындағы 2023 жылғы барлық бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша Оқу-ағарту Министрлігі бірқатар тежеуші факторларды анықтады. Нәтижесінде министрлік әдістемелік ұсынымдар беріп, барлық анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.