Павлодарда «Жас сақшы» кадеттері ішкі істер органдарының тарихымен танысты
Республика күні қарсаңында «Жас сақшы» кадет сыныбының оқушылары Павлодар облысы полиция департаментінің музейіне барып, өңір полициясының тарихы мен қызмет дәстүрлері туралы кеңінен мағұлмат алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экскурсия барысында жас кадеттер полицияның қалыптасу және даму кезеңдерімен танысып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан қызметкерлердің еңбегі туралы білді.
Оқушылардың ерекше қызығушылығын музей экспонаттары тудырды. Олар әр жылдардағы погондар мен қызметтік киім үлгілерін тамашалап, ішкі істер органдарының тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалар туралы ақпарат алды.
Танымдық экскурсия кадеттердің білімін кеңейтіп қана қоймай, полиция қызметінің маңызын, ұрпақтар сабақтастығын және қоғам алдындағы жауапкершілікті тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Музейге бару жас сақшылардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырып, заңға құрметпен қарау мен қоғамға қызмет етудің маңызын ұғынуға ықпал етті.
Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға, тарихи мұраны құрметтеуге және полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.