Баянауылда ретро әндер кеші өтті
Өткеннің есті әндері Кенші мәдениет үйінің сахнасында шырқалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Майқайың ауылының тұрғындары «Сағындырған әндер-ай» ретро әндер кешінің куәсі болды. Кеш барысында өнерпаздар сынға түсіп, өзара байқау өткізді. Қазылар алқасының құрамында «Сырласу» вокал тобының белді мүшесі Нағима Байгулова, «Беу, жігіттер» халық ансамблінің жетекшісі Мерхат Қайыркен пен белді мүшесі Мадияр Болат болды.
– Сонау 1970-1990 жылдар аралығында көпшіліктің көңіл пернесін басып, бойын билеген ән әлемінің үздік туындыларын әсірелеп орындаған өнерпаздарға алғыс білдіреміз. Барлық қатысушылар бойына өнер, көмейіне бұлбұл ұялаған жауһар өнердің жаршылары болды,– деді аудан әкімдігінде.
Өнерпаздар арасындағы сайыста бас жүлде М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің ұлағатты ұстазы Ақсұлу Омароваға бұйырды.
Бірінші орынды «Майқайыңалтын» акционерлік қоғамының қызметкері Нұрғанат Ырыс еншіледі. Екінші орынды М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің ұстазы Гульнур Алиева алса, жүлделі үшінші орынға Майқайың кентінің тұрғыны Жиналған Толымхан лайық деп танылды. Аталым бойынша «Өлкетану» музейінің мәдени қызметкері Күлмайда Муканова мен М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Бақыт Омарова ие болды.